Теңіздегі тұңғыш мұнай компаниясы

31 қазан 2008

Мұнай өндірудің соңғы жүз жылдан астам тарихында Қазақстан тұңғыш рет теңізге шықты. Қарап отырсақ, теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін құрылған «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының жұмыс істеп жатқанына да бес жыл өтіпті. Осы аралықта компания тәжірибе жинақтап ғана қоймай, дербес компания ретінде төрт аяғынан тең тұрды. Және теңіздегі барлау жұмыстарын жүргізуде, еліміздің көмірсутегі ресурстарын жасақтауда жетекші компанияға айналып келеді.

  

Бес жылдық белесті артқа тастап, өзінің қалыптасу жолын жүріп өткен «ҚазМұнайТеңіз» АҚ-ның бас директоры Ермек МАРАБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

Ермек Нәсіпқалиұлы, өмірлік қағидаға құрылған «кадрлар бәрін шешеді» деген сөз бар. Теңіздегі мұнай операцияларын жүзеге асыруда өз мамандарымызды дайындау бірінші кезекте тұрғаны сөзсіз. Компанияның жұмысын алға жылжытып отырған команда қалай жасақталуда?

— Әрине, компанияның стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырудың табыстылығы — қызметкерлердің кәсіпқойлығына, жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен өздерін толық жұмысқа бағыштауларына тәуелді. Сондықтан да біздің компаниямыз мұнай-газ жобаларында қазақстандық мамандардың өсуіне бағытталған кадрларды жоспарлау жүйесін қамтитын кадрларды іздеу, іріктеу және қайта даярлаудың ортамерзімдік Бағдарламасын жасады. Мұндай бағдарламаны жасақтау Каспий теңізі қайраңдарындағы мұнай операцияларын жүзеге асырудағы халықаралық стандарттар мен өндірістік үдерістердің талаптарына сәйкес келетін қазақстандық білікті мамандарды даярлаудың қажеттігінен туындағаны белгілі.

Теңіз мұнай операцияларын жүзеге асыратын кадрлар легін дайындау барысында «ҚазМұнайТеңіздің» қызметкерлерін де, басқа ізденушілерді де қамтитын 50 мыңнан астам қазақстандық мамандардың мәліметтік базасы жасақталды. Оған қоса алдағы 5 жыл ішінде жұмысқа тартылатын техникалық жоғары оқу орындары түлектері мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітірген немесе білім алып жатқан жас мамандар тобы да зерттелуде. Қазір пулды 3 мыңнан астам кадр құрайды. Компания жас мамандарға қатысты өз алдына компанияда кәсіпқойлылығы мойындалған, ісіне адал берілген, жоғары құндылықтары жақтаушы қызметкерлердің жаңа буынын тәрбиелеу міндетін қойып отыр.

Сондай-ақ, қазір шет елдерде 27 инженеріміз тәжірибе жинақтап жүр. Және «ҚазМұнайТеңіз» жас мамандарды оқытып, тәжірибе алмасу үшін Baker Hughes, Pertofac, McDermott, PSN компанияларымен келісім-шарттарға қол жеткізді. Әртүрлі техникалық мамандықтар бойынша олардың оқу орталықтары мен өндірістік нысандарында мамандар даярлайтын боламыз. Тәжірибелік өтілдің мерзімдік ұзақтығы шамамен 2-4 жыл.

Өндірісте озық технологияларды қолданудың өзектілігі білікті мамандарды тартудан бір де бір кем емес...

— Расында, көмірсутегі қорлары мен өндірісті ұлғайтуда компания қызметінің нәтжелілігі технологиялық әлеуеттің дамуымен де анықталады. Құрылымдарды табу мен нақтылау, сондай-ақ келешегі бар нысандарда іздеу-барлау ұңғымаларын қазуға дайындау үшін компания 2Д және 3Д сейсмобарлау жұмыстарының көлемін ұлғайтуда. Соңғы жылдары теңіз мұнай операцияларында бірінші кезекте жаңа технологияларды енгізудің арқасында сейсмобарлаудың сапасы, мәліметтерді өңдеу мен талдаудың жылдамдығы өсті.

Технологияларды пайдалану жарамдылығының негізгі өлшемдері — көмісутегін барлау мен өндіру жұмыстарының тиімділігінің әлдеқайда өскендігі, сондай-ақ өндіріс қауіпсіздігін сақтау мен қоршаған ортаға зияндылығын барынша азайғандығы болып табылады.

Өзіңіз айтып отырғандай, жаңа технологияларды пайдалануда оның қоршаған ортаға зиянсыздығын басты қаперге алынатыны аян. Теңізде мұнай операцияларын жүргізудегі ең өзекті мәселенің бірі табиғатты қорғаудың заңнамаларына мүлтіксіз бағыну емес пе?

— Бұл мәселеде біздің компания алғашқы жол бастаушы. Мемлекеттің теңіз мұнай операцияларында бізге Каспий теңізінің экологиясы, фаунасы мен флорасының тағдыры сеніп тапсырылып отыр. Сондықтан да біздер бұл аманаттың маңыздылығын басты назарға ала отырып, теңіз қойнауындағы байлықты игеруде табиғатты қорғау заңнамаларының барлық нормаларын сақтай отырып әрекет етіп отырмыз және осы талаптар аясында ісімізді жалғастыра береміз. Оған қоса теңіздегі өндірістік жұмыстарға қоғамдық және мемлекеттік органдар тарапынан бақылау мен мониторинг қатар жүргізіледі.

Табиғатты қорғау шараларындағы атқарылып жатқан істерді нақтылауға бола ма?

— Каспий теңізінің экологиялық жүйесі өте ғажайып әрі аса нәзік. Сондықтан компания бірінші кезекте өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға және теңіз мұнай операцияларының экологиялық және өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аса мән беруі заңдылық.

Осы мақсат жолында компаниямыз ең замануи технологияларды қолдануда. Яғни, төтенше жағдайлардың алдын алу мен осыған орай әрекет етудің толыққанды кешендік шараларын жүргізеді. Компания «нөлдік тасталу» қағидасын ұстана отырып, барлық пайда болған қалдықтарды арнайы ыдыстарға жинайда да Баутино кентіндегі полигонда жояды немесе оны қайта кәдеге жарату үшін жағаға шығарады. Нәтижесінде теңізге ешқандай қалдықтар жіберілмейді.

Теңіз мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру шеңберінде «ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ мен оның еншілес ұйымдары жұртшылыққа жоспарланған мұнай операцияларымен қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі ақпарат беретін Қоғамдық тыңдауларды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Осы жылдар ішінде компаниямыз Құрманғазы, Аташ, Түп-Қараған мен Жемчужины құрылымдарында 11 толық ауқымды экологиялық зерттеулер және 17 жергілікті мониторингтік бақылаулар жүргізді.

Теңізде мұнай өндірудің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл істі «ҚазМұнайТеңізден» бұрын қолға алған өзге компаниялардың тәжірибесі қолданылатын болар?

— Өкінішке орай, әрине, бізде бұл салада көп жылдық тәжірибеміз жоқ. Сондықтан да «ҚазМұнайТеңіз» теңіздегі жұмыстарды қауіпсіз жүргізуде әлемдегі алдыңғы қатарлы компаниялардың тәжірибесі мен қателіктерінен сабақ алуға мәжбүр. Бизнестегі әріптестеріміз Аджип ККО, Шелл, Тоталь, ЛУКОЙЛ секілді компаниялар бізге көп көмек көрсетіп отыр. Оған қоса мамандарымыз әлемдегі жетекші мұнай-газ компанияларына уақытша іс сапарлар барысында, арнаулы тематикалық курстарда кәсіби тұрғыдан машықтанады. Бізде мұнайдың апаттық төгілуін жою жөніндегі халықаралық компаниялармен арнаулы келісім-шарттар бар. Біздің мамандарымыз өндірістік экологиялық тәуекелдерді бағалау және басқару жөніндегі Шелл тренингіне байқаушылар қатарында қатысып жүр. Мұнайдың апаттық төгілуін және төтенше жағдайлардың алдын алу және басқару бойынша бірлескен оқулар жүргізіледі.

Қолға алынған осындай кешендік шаралардың бәрі қызметкерлердің қауіпсіздігін, Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді әрекеттерді жасақтауға және жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан сөз қозғап, жұртшылықтың «ҚазМұнайТеңіздің» қызметінен қаншалықты хабардар екендігін баяндай кетсеңіз...

— Компания өз қызметі туралы Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен хабардар етіп келе жатқанын білесіздер. Қызметке кіріскен күннен бері компания жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша 15 қоғамдық тыңдаулар өткізіпті.

Теңіздегі көмірсутегі шикізатын өндірудің мемлекетке де әлеуметке де беріп отырғаны аз емес. Елді еңбекпен қамтудың деңгейі көтерілді, халықтың тұрмысы жақсарды, өңірдің өмір сапасы жақсарып келеді. «ҚазМұнайТеңіз» осы жобадағы өз әріптестерімен біріге отырып Маңғыстау мен Атырау облыстарының әлеуметтік инфрақұрылымының дамыту жобаларын қаржыландыруға 1,5 миллион және қазақстандық кадрларды дайындауға 2,4 миллион АҚШ долларын жұмсап келеді.

Қазақстан Үкіметі мен Парламентінің бұрын жасалған Өнімді бөлісу туралы негізі Келісімнің кейбір ережелерін қайта қарау туралы ниетіне қатысты сіздің көзқарасыңыздың білуге бола ма? Өйткені, бұл айтыс-тартыстың астында халықтың әлеуметтік тағдыры тұрғанын бәріміз білеміз.

— Біздің компания осы жылдар ішінде Өнімді бөлісу туралы Келісім негізінде жер қойнауын тиімді пайдаланудың тамаша тәжірибесін жинақтады. Біз бұл келісім-шартпен іс жүзінде күнде бетпе бет келіп отырмыз. Шындығында да уақыт өте келе аталған келісім-шартта көрсетілген кейбір нормалардың жұмыс істемегені немесе мемлекет мүддесіне қызмет етпегенін белгілі болды. Мәселен, біз Қазақстанның экономикалық және стратегиялық мүдделерін қорғау мәселелерін нақтылап, жобалар бойынша әріптестердің өзара қарым-қатынасын егжей-тегжейлі белгілеу қажет деп есептейміз. Өнімді бөлісу туралы келісіммен жұмыс барысында туындайтын сауалдар бойынша біз KazEnergy қауымдастығымен және заң шығарушы бастамалар аясында тұрақты жұмыс істеп келеміз. Мұнан да бөлек, біздер бұрын реттелмеген мәселелерді шешуге көмектесетін сервистік келісімдер бойынша ұсыныстар дайындау жұмыстарын жүргізіп отырғанымызды мәлімдегім келеді.

«ҚазМұнайТеңіздің» ресейлік компаниялармен әріптестігін қалай бағалауға болады?

— Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ресейлік әріптестерімізбен жүргізіліп жатқан жұмыстарды барынша тиімді деп бағалар едім. Дәл қазіргі таңда «ҚазМұнай Теңіз» ресейлік компаниялармен бірігіп төрт жобаны іске асырып жатыр. Қол қойылған келісімдер бойынша біз ЛУКОЙЛ-мен «Түп Қараған», «Аташ», «Жамбай» жобалары бойынша, «Құрманғазы» жобасынде «РосНефть-Қазақстан» компаниясымен жұмыс істеп отырмыз.

Түп-Қараған, Құрманғазы және Аташ учаскелеріндегі барлау скважиналарының күткен нәтиже бермеуі мұндай әріптестіктің келешегіне кері әсерін тигізіп отырған жоқ па?

— Сіз айтып отырған учаскелердегі алғашқы барлау-бұрғылау жұмыстарында мұнай-газқұрамдас коллекторлар бар екендігі анықталмағаны рас. Алайда, скважиналарды бұрғылаудың арқасында толық кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеулерден алынған нәтижелер нақты геологиялық мәліметтер мен жобалық модельде көрсетілген мәліметтер арасында айтарлықтай өзгеріс бар екендігін анықтауға мүмкіндік туғызып берді.

Дәл қазіргі уақытта біздер мұнай-газ қоры аумақтарды анықтау мен көмірсутегі ресурстарын бағалау үшін алынған материалдарды жинақтау мен сараптау жұмыстарын атқарып жатырмыз.

Зерттеу жұмыстарын аяқтап болғаннан кейін, өз әріптестерімізбен бірге Құрманғазы құрылымында екінші барлау скважиналарын бұрғылауды жоспарлап отырмыз. Мұндай әрекетті Түп-Қарағанда да жүргізудің мүмкіндігі қарастырылуда. Сол секілді Аташ жобасы бойынша да геологиялық-барлау жұмыстарына рекомендациялық бағыт беру үшін камеральдық жұмыстар жоспарланған.

Алайда, сәтсіз бұрғылау жұмыстары Каспий теңізінің тереңдерін толығымен игерудің мақсатқа сәйкестігіне күмән тудырмас па екен?

— Мен мына бір жәйтке назар аудартқым келеді. Солтүстік-Каспий жобасының аясында Қашаған, Қайран, Ақтоқты, Оңтүстік-Батыс Қашаған және Қаламқас теңізі кен орындары ашылды. Бұл Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде көмірсутекті қордың мол екендігіне дәлел бола алады.

Сондықтан, Түп-Қараған, Құрманғазы, Аташ құрылымдарындағы кейбір барлау скважиналарының нәтижесіз болуы осы аумақтардағы көмірсутегінің мол қоры бар екендігін жоққа шығара алмайды.

Іздеу барлау жұмыстарының бастапқы кезеңдері бойынша әлемдік статистикаға көз салсаңыз, дүние жүзіндегі барлау скважиналарының 30 пайызы ғана өзін өзі ақтап, және мұнай компанияларының қаржылық кірісі мен келешегі бар жаңа учаскелердегі барлау жұмыстарын инвестициялауға қамтамасыз етеді.

Интеграцияланған транспорттық құрылымға ие қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесінің келешегі туралы айтылып та жазылып та жүр. Мұнай мен күкіртті темір жол арқылы тасымалдау жоспарының жай-жапсары қандай?

— Мұнайды темір жолмен тасымалдау мүмкіндігіне ие болу үшін Батыс Ескенде тәулігіне 300 мың баррель мұнай мен 1,4 миллион тонна күкірт тиейтін темір жол кешенінің құрылыс жобасы қарастырылуда. Транскаспий тасымалдауы үшін Ақтауға бағытталмайтын немесе тікелей темір жол бағыттары арқылы жіберілетін мұнайдың көлемі Украинадағы, Ресей мен Грузиядағы немесе Қытайдағы өткізу бекеттеріне бағытталатын болады.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, Қазақстанның Каспий теңізінде жеке, өзін өзі көтеретін жүзу бұрғылау қондырғысы пайда болғалы жатқан көрінеді. Осы жоба туралы айтуға бола ма?

— Иә, расында Каспий теңізіндегі қазақстандық секторды игеру жұмыстарын жоспарлы және интенсивті игеру үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2005 жылы Инвестициялық бағдарламаға «Өзін өзі көтеретін жүзетін бұрғылау қондырғысы құрылысы» жобасын енгізіп оны жүзеге асыруды «ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ-ға жүктеген еді.

Бұл жобаның мақсаты аталмыш қондырғы арқылы Каспий теңізінің акваторияларында су тереңдігі 5-80 метр жерлерде тереңдігі 6 мың метрге дейін мұнай-газ скважиналарын бұрғылауды жүзеге асыру болып табылады.

Мұнан да бөлек «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы келешегі бар қандай жаңа жобаларға қатысуда?

— Дәл қазіргі таңда ҚМТ Каспий Энергетикалық Хаба жобасын жүзеге асыруға ат салысуда.

  

Әңгімелескен:
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
31 қараша 2008 жыл.

Құжаттама пакетін алу

Тіркелген тұлға ақпараттың растығына жауап береді.
Атыңыз Тегіңіз немесе мекеме атауы:

Жабдықтаушының толық мекен-жайы

Мемлекет:Қала:
Көше:Үй:
Телефон:E-mail:
Барлық өрістер толтырылуы тиіс
Жою