Экологиялық талап үдесінен шығу — компанияның өзіне тиімді

23 қазан 2008

— Ермек Нәсібқалиұлы, бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі қоршаған ортаны қорғау. Бұл ретте мұнай өндіруші компанияларға жұртшылықтың айтатын наразылығы да жетерлік. Экология мәселесіне әңгімемізде тереңірек тоқталсақ.

«ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ әзірге мұнай өндіруші компания емес. Компанияның негізгі қызметі геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу. Қазірде теңіз операцияларын жүзеге асыратын компаниялармен бірге Каспий теңізінің қазақстандық секторында Түпқараған, Аташ, Құрманғазы, Жемчужины, Жамбай жобалары бойынша еңбек етуде. Бұл мұнай саласымен толыққанды таныс емес жеке адамдардың түсініктері сияқты қалаған жерден мақсатсыз мұнай іздеу емес. Мұның бәрі заң жүзінде қадағаланып іске асырылатын дүние. ҚР заңнамасына сәйкес, жұмыс басталмай тұрып, әуелі экологиялық зерттеулер жүргізіледі. Одан әрі жобаны іске асыру, асырмау зерттеу қорытындысына тәуелді. Қоғамдық пікірлерді ескермей, мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижесін және мемлекеттік органдардың келісімін алмай тұрып, жобаның өндіріске қосылуы мүмкін емес. Демек, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң шешімін алудың маңыздылығы зор. Бұл дегеніміз теңіз мұнай операцияларында пайдаланылатын технология экологиялық талапқа сай дегенді білдіреді. Ал компания одан әрі табиғат қойнауын игеруге рұқсат алды деген сөз. Бұл жерде де экологиялық нормативтердің орындалуы басты міндет болып есептеледі. Өндірістік операцияларды іске асыру міндетті түрде экологиялық мониторингпен қатар жүргізілетіні белгілі. Экологиялық мониторингтің мәнісі не? Оның қорытындысы қоршаған ортаға тигізетін әсерді болжау мен нақты зиянын есептеуде пайдаланылады. Күні бүгінге дейін теңіз мұнай операциялары кезінде қоршаған ортаға белгіленген деңгейден артық зиян келген жоқ. Бұған қоршаған ортаны қорғау органдарының жүргізген бақылаулары айғақ бола алады.

— Мұнай операцияларын жүргізуші компаниялар тарапынан табиғатты дұрыс пайдаланбауға бастайтын негізгі проблемалар қандай?

— Мәселен, біздің компания жобаларды жүзеге асыруда өндірістік озық технологияларды пайдалануға мән береді. Себебі, оның тиімділігі өз алдына, лас қалдықтар аз жиналатындықтан оны жинақтап, жағалаудағы тиісті базаға жеткізіп, залалсыздандыру оңай. Баршамыздың түсінігімізде табиғатты дұрыс қолдану дегеніміз табиғат ресурстарының бірін пайдалана отырып, екіншісіне қауіп тудырмау. Яғни, Каспий теңізінің қайраңынан көмірсутектік қорын іздестіру кезеңінде, болашақта сол шикізатты өндіру, жағаға тасымалдау, өңдеу кезінде теңіз табаны мен айдынын, фаунасы мен флорасының табиғи қалыптылығын сақтау кез-келген жер қойнауын пайдаланушылардың басты міндеті. Тағы қайталап айтқым келеді, бұл жауапкершілігі көлемді істі жүзеге асыру үшін әлемдік озық үлгідегі технологиялардың мүмкіндіктерін ұқыптылықпен қолдануға аса назар аударамыз. Біздің жағдайымызда қоршаған ортаны ластау деген түбірінен болмауы керек, алайда сіздің айтқаныңыздай қауіпті жағдай туындай қалса ол бүкіл мемлекеттік деңгейде төтенше жағдай болып табылатындығы сөзсіз. Сондықтан да сенімді түрде айтарым өндіріс барысының ағымын қадағалауға, экологиялық мониторинг ең басты құрал болып табылады.

— Сыртқы нарыққа бағалы балық пен уылдырық экспорттаймыз. Мұнай өндіруді ұлғайту су бассейнінің ластануына, ол өз кезегінде дүниежүзілік нарыққа шығарылатын бағалы өнімнің көлемінің кемуіне алып келеді. Каспийде итбалықтардың қырылуы үйреншікті жәйтке айналғандай. Бұл мәселеге байланысты ойыңыз қандай?

— Бұл сұраққа қатысты ҚР Ауылшаруашылық министрлігі өтімді түсінік бере алады деп ойлаймын. Сұрақ маған бағытталғасын мүмкіндігінше жауап берейін. Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жүргізілетін жұмыстардың қоршаған ортаға тигізер әсерін алдын-ала бағалаушылар мәліметтерінде, балық қорының азаюына қатысты негізінен заңсыз балық аулаушылардың үлесі басым. Ал итбалықтың қырылу себебін анықтаумен Қоршаған ортаны қорғау мен Ауылшаруашылық министрлігі, Маңғыстау мен Атырау облыстарының әкімдігі қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия айналысқаны белгілі. Білуімше, комиссия мұның біржақты себебін анықтай алмады. Және де соңғы жылдары климаттың жылынуы әсерінен індеттердің белең алуы да ғажап емес. Оның үстіне біздің секторда мұнай өндіру әлі басталмағаны өзіңізге мәлім.

— Солтүстік Каспийдегі ластанудың негізгі ошақтары өндіріс нысандары болып табылады. Мәселен, платформалардағы бұрғылау немесе мұнай өндіру қондырғылары, жасанды аралдар, құрал-жабдықтар тасымалдайтын кемелер, т.т. Мұнай операциялары жүретін осы аудандарда тұрақты және метрологиялық бақылау қалай жүргізілуде? Халықаралық экологиялық стандарттардың қолданылу жайы қалай?

— Қоршаған ортаға әсерді бақылаудың (ҚОӘБ) мәліметтері бойынша ластаушы заттардың негізгі көлемі Солтүстік Каспийге Волга өзенінен ағып келеді. Волга дельтасына су мол жиналған жылдары мұнай көмірсутектері — 93,59; фенол — 1032,8; су бетіне түзілгіш синтетикалық белсенді түйіршіктер- 5,77; салмағы өлшелмелі зиянды зат түйіршіктері — 15128,0; мыс — 2886,0; қалайы — 7377,0 мың тонна; тұрақты органикалық ластауыштар А-ГХЦГ- 5453 кг; Г-ГХЦГ — 4170 кг; диоксиндік эквиваленттер ДДЭ — 994 кг; ДДТ — 4811 кг.көлемінде түседі. Осының бәрі Солтүстік Каспийге келеді деген сөз. Волга ағымында ластауыш заттардың көлемі басқа Каспий маңындағы мемлекеттердің антропогендік ағымынан бірталай артық. Теңіз операциялары кезінде қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аумақтық органдарымен бір мезгілде экологиялық мониторинг те жүргізіледі. Бағдарлама бойынша қоршаған ортаның параметрлерін бақылау мен өлшеу, сондай-ақ алдағы зертханалық талдаулар үшін сынамалы үлгілерді іріктеу қарастырылған. Компания сапа, еңбек пен денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғауды басқарудың интегралдық жүйесін өз қызметіне енгізді. Бұл жүйе 2007 жылы TUF SERT халықаралық органының ISO 9001, ISO 14001 және OHSAS 18001 халықаралық стандарттар сертификатына ие болды. Әлгі озық технологияны пайдалануға ұмтылудың да мәнісі экологиялық талаптарды сақтау. Технологиялық себептерге байланысты біз тәріздес кәсіпорындар өндіріс қалдықтарын ажыратпай жұмыс істей алмайды. Ал өз өндірісіміздің тұрғысынан келгенде айтарым теңіздегі қалдықтардың зиянын кемітуге қатысты, үдерістер кезінде пайда болатын сұйық және қатты қалдықтардың Каспийге түспеуін қадағалау өте тиімді нәтиже береді. Сондықтан компания аталған қалдықтарды арнайы полигондарда залалсыздандырудың технологиясын қолдануда.

— Сөзіңіз аузыңызда, жалпы әр компанияның экологияны сақтауда қолданатын өз әдісі болады. Біреулері «нөльдік қалдық» принципін, кейбірі өртеу әдісін қолданады дегендей. Көптеген елдер ластаушы заттарды шығару квотасын сатуға көшті.

— Киото хаттамасына қосылған елдер парниктік газдар қалдықтарының (СО2, NO2, СH4, ПФУ, ГФУ, SF6) квоталарын сатуға құқылы. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі осы бағытта белсенді жұмыс жүргізгенмен, біздің елде әзірше парниктік газдарды сату механизмі жасалған жоқ. Біздің компания «нөлдік қалдық» ұстанымын қолданады. «Нөлдік қалдық» ұстанымы бойынша өндірістегі сұйық және қатты қалдықтар жағалаудағы инфрақұрылымға кемелермен тасымалданады. Сөйтіп, полигондарды залалсыздандыру арнаулы ұйымдарға жүктеледі. Осындай өндіріс қалдықтарымызды қабылдап алатын әлгі арнаулы ұйымдар оны өкілетті органдардың рұқсатымен стандарттық әдіс бойынша қауіпсіздендіреді.

— Экологияны сақтауға мемлекеттен көп қаржы бөлінеді. Солар тиімді жұмсалуда ма?

— Компания бюджетіндегі қоршаған ортаны қорғауға арналған қаржы, әлбетте, теңіз мұнай операцияларын экологиялық қолдау мақсатындағы шараларға жұмсалады. Бұл кешенді шаралардың қатарында фондық зерттеулер мен экологиялық мониторинг, мұнай операцияларының қоршаған ортаға әсерін бақылау, жұртшылықпен байланысты жүзеге асыру, мұнай апаты салдарын жою жолдары қамтылған.


Әңгімелескен Гүлшат Әбжәлелқызы,
«Нұр Астана»
23 қазан 2008 жыл

Құжаттама пакетін алу

Тіркелген тұлға ақпараттың растығына жауап береді.
Атыңыз Тегіңіз немесе мекеме атауы:

Жабдықтаушының толық мекен-жайы

Мемлекет:Қала:
Көше:Үй:
Телефон:E-mail:
Барлық өрістер толтырылуы тиіс
Жою