«ҚазМұнайТеңіз» компаниясы мен табиғат арасындағы жарасымдылық

29 қараша 2008

Австралиялық ғалым-зерттеушілер мұнайдың Жер жаратылысының бастауындағы ең ежелгі, ең алғашқы іздерін үш миллиард екі жүз миллион жыл бұрын түзілген тастардан, яғни минералды жыныстардың құрамынан ұшырастырып, көпшілікті елең етерлік маңызды жаңалық ашты («Нефть и газ» 2005, № 1). Ал күні кешегіге дейін жер қойнауында мұнай бір жарым миллиард жыл шамасында түзілді деп есептелініп келді. Енді зерттеуші ғалымдар мұнайдың түзілуіне негіз болған микроорганизмдер планетамыздың ең алғашқы тіршілік иелерінің қатарына жатқызылып, ал тау жыныстарын сомдастырушы — күкіртті тіршілік бастауының бесігі (табан тірейтін мекені) болған деп пайымдап отыр.

Зерттеуші ғалымдар ультракүлгін сәуленің ғана көмегімен аңғарылатын, ежелгі мұз кесектерінің құрамында болатын газ тамшылары тәрізді, минералдардың құрамынан диаметрі 100 есе майда мұнайдың ұсақ тамшыларын тапқан. Сөйтіп ең ескі мұнай құрамындағы көмірсутегі де Жер шарының ең бастапқы кезеңдеріндегі тіршілік белгілерінің шірітінділерінен тұратындығын анықтады.

Адамзат — бүгінгі таңда техногенді өркениет ғасырына бейімделген техногенді құндылықтардың тұтынушылары. Техногенді өркениет кен орындарынан өндірілетін энергия көздерінің өндірілу қарқынына тәуелді. Техногенді дәуір адамның уақыт пен кеңістікке қатынасын түбегейлі өзгертті. Ақпарат кеңістігі еркін таралатын бағыт ұстанып, адамның өзін-өзі еркін сезінуіне жаңа үлгілер ұсынды.

Адамзат сонау қауымдық құрылыстан ақпараттық заманға дейін жасампаздық қасиетінен айнымай алуан түрлі дәуірлердің куәсі болды. Әрбір қоғамдық формацияның тетігін «автор» деп бейнелі түрде сипаттайтын болсақ, сол дәуірлердің өз уақытына лайық қалыптасқан құндылықтарының қалыптылығына және өркендеуіне іргелі негіз болған авторларын айқындап көрсеткеніміз дұрыс.
Қауымдық қоғамның авторы — табиғаттың детерминанттық технологиясы, яғни табиғаттың адам баласына өз қалпымен (яғни өз қасиетімен, тәртібімен) ықпал етуі. Ежелгі өркениеттердің авторы — құл еңбегін пайдалану технологиясы, орта ғасырдың авторы — құл типтес шаруаны жер үлесімен тәуелдендіру технологиясы. Ал ғылыми-техникалық революциядан кейін ұласқан өздігінен от алатын іштен жану қозғалтқыштарының жаңа дәуірі, яғни кен орындарын игеру технологияларының мүмкіндіктеріне негізделген техногенді өркениеттің авторы — мұнай және өзге де қазба байлықтарды игеру, өндіру технологиясы .

Егер мұнай белгілі бір табиғи себептермен түзілмеген жағдайда немесе мұнай өндіру технологиясы кенже қалып, өркендемеген жағдайда құл иеленушіліктің жаңа формалары белең алған болар ма еді, кім білген? Бұдан шығатын қорытынды, адам құқығын қорғау да мұнайдың арқасында мүмкін болып отырған сыңайлы. Сонымен бірге мәдениеттің таңдаулы үлгілерінің, құндылықтарының бұқаралық сипат алуы — техногенді коммуникацияның қарқынды динамика туғызуына байланысты. Ал техногенді коммуникацияның екпінділігі мұнайдан бөлінетін өнімдердің қасиетіне, қуатына тәуелді.

Мұнай — адамзаттың ғылыми кемелденген жарқын идеяларын өрістетуге, ғарыштық кеңістікті еркін игеруге жол ашқан байлығымыз болып табылады. Сонымен қатар, мұнай — планетамыздағы судан кейінгі мөлшері жағынан екінші орында тұрған сұйық зат түріндегі құрылым. Тіршілік әлеміне су қаншалықты маңызды болса, бүгінгі мәдениет құндылықтарының қалыптылығына мұнай да соншалықты маңызды. Мұнай өнімдерінің мүмкіндігі ірі қуат өндіретін көлемді құрылыстардың салынуында басты рөл атқаратындығын көзге елестету қиын емес. Мысалы, атом, су электр стансалары мұнай өнімдері қуатының жұмсалуына байланысты жүзеге асатындығы бәрімізге мәлім. Яғни, мұнайдың іштен жану қозғалтқыштарының алуан түрлі мүмкіндіктерін атқара алатын қасиеті бар. Оның ішінде ең маңыздысы мұнайдың жедел тасымалдық мүмкіндіктерінің орны ерекше.

Егер табиғат тылсымына бір сәт көңіл аударып, мән беретін болсақ, өзара үйлесімін тауып тұрған алуан түрлі құбылыстардың біртұтастығы саналы адамды бейжай қалдырмайды. Өйткені, биосфера — табиғи құбылыстар мен түзілістерден тұратын, бір-бірінің қалыптылығына әрдайым жағдай туғызып, өзара әрекеттесуші қасиеті бар экожүйелерден құрамдасқан әлем. Көшпелі өркениет — сол табиғи кеңістікпен жарасымды өмір образын қалыптастырған әлеуметтік сфера. Ал табиғатты киелі әлем ретінде қастерлеп, оның тілін түсіне білген — қоғам.

«ҚазМұнайТеңіз» компаниясы — сондай өркениетті, табиғатқа жарасымды өмір образымен үйлескен мәдениеттің ізбасары әрі Қазақстанның өте нәзік табиғи кеңістігіндегі теңіз қойнауының байлығын игеруші болып табылады. Дәлірек айтқанда, «ҚазМұнайТеңіз» — Каспий табиғатын отандық табиғи кеңістік ретінде аса қадірлейтін бірден-бір мұнай компаниясы. Табиғат пен үйлесімділікті техногенді дәуірде де қалыптастыруға болады. Ол үшін адам баласы табиғатқа пайдақұмарлық тұрғысынан қарамай, пайдадан табиғатты жоғары қойып, адам тіршілігі үшін ең маңызды құндылық табиғат екендігін бірінші кезекке шығару керек. Мысалы, алманы алма ағашынан үзіп алу үшін қайткен күнде де бұтағын сындырып алмауды ойластырған тәрізді ұстаным, компанияның әрбір жобасында өзекті мәселе ретінде жоспарлы түрде қарастырылған. Сондықтан да әлемдік ең үздік, озық тәжірибе үлгілерін ұтымдылықпен Каспий теңізі қайраңының қазақстандық секторын игеруге жұмылдыру — «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының табиғат қорғауға деген шынайы ниеттілік тұрғысынан жасаған қадамы болып табылады.

Бұрынғы замандарда адам емдеуге пайдаланылған мұнайды «өзіміздің емге ішетін жермай» деп, халқымыз жайдан-жай бағаламаған. Ғаламдық болмыс бірнеше миллиард жылдар бұрын түзілісінің негіздері қалыптасқан мұнайды түбінде адамзат ғылым мен техника мүмкіндіктеріне сүйене отырып, пайдаланатындығын алдын-ала білген сияқты. Осы ойымызды әрі қарай толықтыра түсетін болсақ, Қазақстанның мұнайға қатысты еншісі де алдын-ала реттестірілген қазына-байлық тәрізді. Оған мысал ретінде — Каспий қайраңындағы мұнай қорынының қазақстандық секторына жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижелі болуы еліміздің тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келуін алуға болады. Ең қуаныштысы, еліміздегі мұнай кен орындарының аса ауқымдылығы өзге мұнайлы мемлекеттер алдында еңсемізді көтеріп, абырой-беделімізді асқақтата түсті. Сондай-ақ «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының отандық және халықаралық дәрежедегі түрлі ұйымдардың жұмыстарына қолдау көрсетуі де компанияның мұнай өндірісіндегі кәсіби бағыт-бағдарын тиянақты түрде теңіз табиғатымен жарасымдылық сипатта жүргізетіндігін тағы да дәлелдеп отыр.

«ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ-тың негізгі қызметі — геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу. Қазіргі кезде «ҚазМұнайТеңіз» теңіз компанияларымен бірге Каспийдің қазақстандық секторында Түпқараған, Аташ, Құрманғазы, Жемчужина, Жамбай жобалары бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Барлау жұмыстарында болсын, өнім өндіру кезінде болсын, экологиялық заңнама талаптарын қатаң сақтау бірінші кезекте тұрады.

«ҚазМұнайТеңіз» компаниясы осы талаптарды қатаң сақтай отырып, өз қызметін ойдағыдай жүргізіп келеді. Нақты мысал келтіретін болсақ, осы күнге дейін біздің компания өз жұмыстары барысында қоршаған ортаға бірде-бір зиян келтірген жоқ. Өйткені, «ҚазМұнайТеңіз» жобаларды жүзеге асыруда озық өндірістік технологияларды пайдалануға ерекше мән береді. Бұл жердегі басты мақсат — табиғи ресурстардың бірін пайдалану кезінде екіншісіне қауіп-қатер төндірмеу. Таратып айтар болсақ, Каспий теңізінің қайраңынан көмірсутегі қорын іздестіру кезеңінде болашақта сол шикізатты өндіру, тасымалдау және өңдеу кезінде теңіз қайраңы мен айдынының, ондағы жәндіктер фаунасының қазіргі табиғи қалпын сақтау. Компанияның бүгінгі және болашақтағы ұстанымы, міне осындай болмақ.

Ауқымды да өзекті осы шараларды басшылыққа ала отырып, компания сапа, еңбек пен денсаулық, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауды басқарудың интегралдық жүйесін қолданысқа енгізді. Бұл жүйе 2007 жылы TUF SERT халықаралық органының ISO 9001, ISO 14001 және OHSAS 18001 халықаралық стандарттар сертификатына ие болды. Осының барлығы Каспий теңізінің қайранынан өнім өндіруде экологиялық талаптарды сақтау қажеттілігіне байланысты жүзеге асырлып отыр.

Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Мұнай-газ саласындағы басты бағыт — мемлекеттің халықаралық мұнай рыноктарына ықпалды және жауапты қатысушы ретіндегі ұстанымын күшейту. Бұл үшін біз энергетика саласының стратегиялық маңызды буындарына мемлекет тарапынан қаржыландыруды дәйектілікпен күшейтеміз» деп атап көрсетілген. Бұл «ҚазМұнайТеңіз» компаниясына да қатысты.

Сонымен, көшпелі қазақ мәдениеті өз дәуірінде табиғатпен қалай жарасымдылықта болған болса, «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы да өз жобаларын теңіз табиғатымен үйлесім табатын жолға қойған.

 

Ақылбай ҚҰЛЫМШИН,
«ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ әлеуметтік саясат және мүдделі
тараптармен жұмыс департаментінің менеджері.

Құжаттама пакетін алу

Тіркелген тұлға ақпараттың растығына жауап береді.
Атыңыз Тегіңіз немесе мекеме атауы:

Жабдықтаушының толық мекен-жайы

Мемлекет:Қала:
Көше:Үй:
Телефон:E-mail:
Барлық өрістер толтырылуы тиіс
Жою