Теңіз қойнауын ұңғылаудың қазақстандық тәжірибесі «ҚазМұнайТеңізден» басталады

29 желтоқсан 2007

Теңіз қойнауын ұңғылаудың қазақстандық тәжірибесі «ҚазМұнайТеңізден» басталады
Қазақстанның тарихында теңізден мұнай өндіру тәжірибесі болған емес. Бірақ қойнауы көмірсутек қорына бай Каспийдей теңізіміз тұрғанда «тәжірибеміз жоқ еді» деп, бүгінгідей заманда қол қусырып отыруға тағы болмайды. Бар байлығымыз азулының аузында, ептінің етегінде кете берері сөзсіз. «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы еліміздің мұнай өндірісі саласындағы осы олқылықтың орнын толтырып, «қара алтының» көзін теңізден өзіміз тауып, өзіміз игеру үшін 2003 жылы наурызда құрылған еді. Ұмытпасақ, дәл сол жылы Елбасы жарлығымен Каспий теңізінің солтүстік бөлігін игеру бағдарламасы бекітілген болатын. Өйткені, еліміздің экономикалық өмірінде энергетикалық жобалардың маңызы өте зор. Осы орайда теңіз табанын ұңғылау, теңізден мұнай өндіру тәжірибеміздің болмағанын ескеріп, «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының бүгінгі аяқ алысын оның Бас директоры Ермек Марабаевтан білген едік. Ол: 

— Көмірсутек қорын ұлғайту қай елде болсын, барлық компаниялардың, соның ішінде ұлттық сипаттағы компаниялардың бірінші кезектегі міндеті. Ал «ҚазМұнайТеңіз» ұлттық компания. Осыдан-ақ біздің көмірсутек қорымыздың көлемін теңіздегі кеніштер арқылы толтыруға ұмтылысымыздың негізділігі көрініп тұр. Ал теңіздегі көмірсутек қорын игеру үшін теңіз жағдайында аса ауқымды барлау-іздеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бізде бұрын мұндай жұмыстар жүргізілген емес, тиісінше бұл салада тәжірибеміз де жоқ. Яғни, үйренетін іс көп. Сол себепті де біздер бұл жұмыстарға өздерінің технологияларымен бөлісетін, барлау-бұрғылау ісінде жеткілікті тәжірибесі бар серіктестер тартып отырмыз. Өйткені, көмірсутек қорын іздестіру, табу жұмыстары айналаға, бірінші кезекте теңіздің биологиялық ортасына ешқандай зиянын тигізбейтіндей болуы керек,-деді. Айтса айтқандай-ақ, қазір «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы мұнай кеніштеріне байланысты 5 бірдей маңызды жобаны жүзеге асыруда. Оның үшеуі — Түпқараған, Аташ және Құрманғазы кеніштері.

Мұндағы жұмыстарды «ҚазМұнайТеңіз» ресейлік серіктестермен, соның ішінде алдыңғы екеуін «ЛукОйл» компаниясымен, ал Құрманғазы жобасын стратегиялық серіктес — «РосНефть» компаниясымен бірлесіп игеруде. Төртінші, «Жемчужина» жобасын Шелл және Оманойлмен, ал жаңа басталған және алдағы жылы қарқын алуы тиіс «Жамбай» жобасын игеруге «Репсол» және «Лукойл» компанияларын тартып, үш жақтап кірісуде. Жалпы, теңіздегі кен орындарын барлау- іздеумен айналысатын мұнай компаниясының бірінші кезектегі міндеті — ұңғу-бұрғылау жұмыстары кезінде алынатын геологиялық мәліметтерді өңдеп, талдау үшін өзінің материалдық техникалық базасын қалыптастыру. Себебі іздеу-бұрғылаудың нәтижелілігі біріншіден -геологиялық материалдардың жүйелілігімен, екіншіден, — олардың дұрыс талдануымен тікелей байланысты болып келеді. Ермек Марабаев «ҚазМұнайТеңіз» акционерлік қоғамының осындай материалдық техникалық базазы құрылғанын айтады. Онда қазіргі кезде қажетті мамандар, компьютерлік бағдарламалар мен технологиялар қамтамасыз етілген. Бұл тұста «теріс» шешімдерді қабылдаудағы тәуекелді төмендету мақсатында әрі адами ықпалдың әсерін төмендету тұрғысында шет елдердің алдыңғы қатарлы компаниялары пайдаланып келген барлау жұмысындағы менеджмент жүйесіне бейімдеу шараларын енгізу ісі де қолға алынуда.
Алайда бүгінгі таңда барлық мұнай газ компанияларын бірдей алаңдататын мәселе — білікті мамандардың тапшылығы «ҚазМұнайТеңіз» компаниясын да айналып өтпеген. Ермек Марабаев бұл мәселені түрлі жолмен, кешенді түрде шешуге тырысып келе жатқандықтарын айтады.

— Біз «Теңіздегі мұнай операциялары үшін қазақстандық мамандарды дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламасын» әзірлеп, бекіттік. Осы бағдарламаға сәйкес мамандарды жалпы білім бойынша оқытумен қатар, жас мамандарды өзге шетелдік компанияларда тәжірибеден өткізуді қолға алдық. Қазіргі таңда мысалы 17 маман осындай тәжірибе жинақтаумен айналысуда. Болашақта, 2015 жылға қарай олардың қатарын ұлғайту жоспарымыз бар, — дейді. Оның айтуынша, қазір компания айналысып жатқан жобаның қай қайсысында болмасын, инвесторларға қазақстандық мамандарды оқыту жөнінде міндеттеме бекітілген. Олардың бұл міндеттемелерінің ақшалай құны шамамен 2 миллион долларға жуықтайды. Мұның сыртында «ҚазМұнайТеңіз» мамандарының біліктілігін арттыру мәселесімен де жүйелі түрде айналысып, осы мақсатқа жыл сайын бір жарым миллион долларға жуық қаражат жұмсайды. Ал біліктілікті көтеру ісінен тек «ҚазМұнайТеңіз» мамандары ғана емес, теңіздегі мұнай операцияларына қатысы бар «қазМұнайГаз» компаниясының жүйесіндегі барлық құрылымдардың мамандары өтеді.
Алайда, компания алдынан кездесіп отырған өзекті проблема бұл ғана емес.
Каспийдің солтүстік бөлігін игеруді жеделдету ісінде алдан шыққан үлкен проблеманың бірі — бұрғылау қондырғыларының жеткіліксіздігі. Қазір компания іске қосқан немесе игеріп жатқан жобалардың барлығында негізінен ресейлік «Астра» қондырғысын пайдаланады. Алайда бүгінгі бағдарламада белгіленген жобалар бойынша барлау -бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін жалғыз қондырғы жеткіліксіз. Осыған байланысты жаңа бұрғылау қуаттарын құру жөніндегі инвестициялық бағдарлама әзірленіп, бекітіліпті. Қазір соның өзін өзі көтеретін, жаңа бұрғылау ұңғысының құрылысын жоспарлаудың бірінші кезеңіне аяқ басқан. Мұндай қондырғыны салу шамамен екі жыл уақытты қажет етеді.

Ермек Марабаевтың айтуынша, «ҚазМұнайТеңіз» қоршаған ортаның қауіпсіздігіне бірінші кезекте басымдық беріп отыр. Бұл тарапта, тәуекелді басқару жүйесін енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Себебі көпшілікті «теңіздегі мұнай операциялары оның аса нәзік биологиялық ортасына әсер етпейтіндігіне қандай кепілдік бар екендігі» алаңдатады. Осыған байланысты компания кез келген жобаны сараптамадан өткізіп, арнайы бағдарламаның сүзгісіне салады. Содан кейін қоғамдық тыңдауға шығарады. Бұл тек бұрғылау жұмыстарына ғана емес, далалық жұмыстарға да қатысты басты талаптардың бірі. Ал ендік компанияның ішкі жұмысын жетілдіріп, еңбек өнімділігін арттыруға келсек, бұл тарапта сапа жүйесі, ИСО стандартары енгізілуде. Таяуда техникалық қауіпсіздік және қоршаған ортаны басқару жүйесіне сәйкестікке байланысты аудит өткізілуі де сол сапаға ұмтылыстың көрінісі болса керек. «ҚазМұнайТеңіз» бен оның серіктестері әлеуметтік жауапкершілік мәселесін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл орайда жүзеге асып жатқан ірі іс-шаралардың бірі — Құрық кентінде салынып бітуге жақындаған жүз орындық балабақша құрылысын айтуға болады. Бұл балабақшаның құрылысы жоғарыда аталған жобаларға қатысушы серіктес инвесторлардың қаржысына салынып жатыр.

 

 


Айбын Шағалақов

Құжаттама пакетін алу

Тіркелген тұлға ақпараттың растығына жауап береді.
Атыңыз Тегіңіз немесе мекеме атауы:

Жабдықтаушының толық мекен-жайы

Мемлекет:Қала:
Көше:Үй:
Телефон:E-mail:
Барлық өрістер толтырылуы тиіс
Жою