Алғашқы теңіз мұнай компаниясының сәтті қадамдары

29 желтоқсан 2007

Алғашқы теңіз мұнай компаниясының сәтті қадамдары «ҚазМұнайТеңіз» мұнай теңіз компаниясы«акционерлік қоғамының бас директоры Ермек МАРАБАЕВПЕН сұхбат

— Ермек Нәсіпқалиұлы, алдымен «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясы» акционерлік қоғамының негізгі қызметтеріне тоқталсаңыз?
— «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясы«акционерлік қоғамы 2003 жылғы 14 наурызда Елбасының шешіміне сәйкес құрылды. Компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының 100 пайыздық еншілес компаниясы болып табылады. Компания көмірсутектерін барлауға, бағалауға және өндіруге мамандандырылған қазақстандық тұңғыш теңіз мұнай компаниясы саналады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайТеңіз» акционерлік қоғамы еліміздегі мұнай мен газ ресурстарын тиімді, әрі ұтымды игеруді қамтамасыз ете отырып, теңіз кен орындарына қатысты жобалардағы жер қойнауларын пайдалану жөніндегі мердігер болып табылады.
«ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясының атқаратын қызметі мен жұмыстарының көлемі өте ауқымды. Ең бастыларын атайтын болсақ, компания мемлекетіміздің жауапты серіктесі ретінде Қазақстан Республикасының мүддесіне қызмет етеді. Ең бастысы, әрі ең негізгісі — осы. Теңізде және құрғақта мұнай-газ кен орындарын игеру барысында қоршаған ортаны қалыпты деңгейде ұстап, экологияны жақсарту кез келген кәсіпорынның міндеті. Біздің компания еліміздің қоршаған ортаны қорғау туралы заңдары мен заңнамаларын қатаң сақтау арқылы экология мәселелеріне ерекше басымдықпен қарап келеді, алдағы кезеңдерде де солай бола бермек.
Теңізде мұнай-газ игеру өзге де компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатыны белгілі. «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы да осы қағиданы берік ұстанады. Олармен сенімді әріптес ретінде жұмыс істеп келеді. Бұл жағынан компания тәжірибе жинақтады. Акционерлік қоғам, сондай-ақ өз қызметінің аясында бөлінген қаржыны тиімді және ұтымды пайдалануға баса назар аудара отырып, өз қызметкерлерінің біліктілік деңгейін көтеруді, біліктілігі жоғары кадрлар дайындауды, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын шешуді және өз акционерлерінің мүддесін әрқашан қорғауды алдарына мақсат етіп қойып отыр. Өйткені, білікті де білімді маман-кадрларсыз жоғары табысқа жету, озық технологияны өндіріске қосу мүмкін емес.

— «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы теңізде көмірсутектерін игеруге мамандандырылған қазақстандық тұңғыш мұнай компаниясы болып табылады. Компанияның мақсаты мен міндеттерінен хабардар етсеңіз жөн болар еді?
— Біздің компанияның негізгі мақсаты — Каспий теңізі мен Арал теңізінің қазақстандық секторындағы көмірсутектерінің запас қорларын молайту және сол аумақтардан көмірсутектерін өндіруді қамтамасыз ету. Ал компанияның міндеттеріне келсек, көмірсутекті шикізаттар запас қорларының өсуін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды басшылыққа ала отырып, әлемдік ең озық тәжірибелерді қолдану арқылы Каспий теңізінің қайраңында теңіз мұнай-газ операцияларын жүзеге асыруға қатысу болып табылады. Бұған қоса акционерлік қоғам қызмет ететін өңірлерде ұзақ мерзімді қамтитын экономикалық өсімге қол жеткізе отырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қолдау көрсетуді басты парыз санайды. Сонымен қатар, компания сапа саясатына да барынша көңіл бөліп келеді.
Сапа саясатына байланысты акционерлік қоғам өзінің өндірістік қызметін сапаны жоғарылатып, қоршаған орта мен еңбек қорғауды, сондай-ақ қауіпсіздікті басқаруды халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес жүргізуге ұмтылуда. Осыған байланысты компанияда ІSO 9001, ІSO 14001 халықаралық стандарттарының және OHSAS 18001 талаптарына сәйкес сапаны,қоршаған ортаны қорғауды және еңбек қорғау мен қауіпсіздікті басқару жүйесі әзірленді және енгізілді. Мысал келтірейін, акционерлік қоғам 2006 жылғы желтоқсанда әлемдік деңгейдегі аса беделді TUV CERT халықаралық органында сертификациялық аудиттен табысты өтті. Енді ІSO 14001 халықаралық стандарттарының және OHSAS 18001 талаптарына сәйкес сертификациялық аудиттен өтуге барлық құжаттарды тапсырды. Ақпараттарға қарағанда оң шешілді.

- Ермек Нәсіпқалиұлы, алдағы жылғы көктемде «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының құрылып, жұмыс істеп жатқанына бес жыл толады. Бүгінде компания қандай жобаларды жүзеге асыруға қатысуда?
— Қазіргі кезде Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру жұмыстары қолға алынып жатыр. Одан біздің компания да сырт қалмайды. Осыған байланысты бүгінде «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы бес жобаға қатысады. Оның үш жобасы бойынша ресейлік компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, Түпқараған және Аташ жобалары Ресейдің «Лукойл Оверсиз Шельф  Б.В», Құрманғазы жобасы біздің стратегиялық әріптесіміз «Роснефть» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жемчужина жобасы «ҚазМұнайГаз», «Шелл РД Оффшор Венчурс Лимитед» және «Оман Перлз Компании Лимитед» компанияларының, ал Жамбай жобасына «Репсол», «Лукойл» және біздің компания қатысады.
Осы тұста айтып өтейін, «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы қатысып жатқан Жемчужина жобасын барлау, бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында онда көмірсутегінің қоры бар белгілер табылды. Оның қаншалықты екендігі тексеріліп, сараптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Теңіз қайраңына барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізу аса жауаптылықты қажет етеді. Ол үшін бірінші кезекте материалдық-техникалық база болуы тиіс. Біз бүгінде қажетті материалдық-техникалық базаны құрып болдық. Маман-кадрлармен де жеткілікті қамтамасыз етілді. Басқа да құрал-жабдықтар бар, мамандардың жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде шетелдік компаниялардың іс-тәжірибелері де қолданылады.

— Барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізуде біліктілігі жоғары маман-кадрларға үміт артылатыны белгілі. Сіз басқаратын компанияда осы мәселе қалай шешіліп жатыр?
— Каспий теңізі қайраңының қазақстандық секторын игерудің ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік бағдарламасында білікті маман-кадрлар дайындау мәселесі нақты көрсетілген. Өйткені, бүгінде Каспий теңізі қайраңынан көмірсутектерін игеруге бағытталған аса ауқымды жобаларды жүзеге асыру қолға алынып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес компаниясы болып табылатын «ҚазМұнайТеңіз» акционерлік қоғамы да теңізден көмірсутектерін өндіру жобаларының барлығына қатысуды мақсат етіп отыр. Өнім өндіру жұмыстары жаппай жүргізіле бастаған кезде біліктілігі жоғары маман-кадрларға деген сұраныс арта түсетіндігі анық. Осыған байланысты болашақта мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға қатысып жатқан шетелдік мамандарды қазақстандықтар алмастыратын болады. Мемлекеттік бағдарламада міне, осы мәселе де көрсетілген.
Бұл өзекті проблеманы шешудің ең басты жолы — теңіз көмірсутектерін өндіруші мамандарды ерте бастан дайындау. «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы осыны ескере отырып, өз маман-кадрларын шетелдік ірі оқу орындарында, әлемге танымал мұнай компанияларында тәжірибеден өткізуді қолға алды. Компанияда бұл мәселе кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мамандарды оқыту мен қызметке қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Тиісті ақпараттар компанияның веб-сайтына орналастырылған. «ҚазМұнайТеңіз» акционердік қоғамының «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесе теңіз мұнай-газ компанияларына маман-кадрлар дайындау жөніндегі 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Осы бағдарламаға сәйкес біз бүгінде жас мамандарды еліміздің және шетелдердің жоғары оқу орындарында оқытып, тәжірибеден өткізіп жатырмыз.

— Бүгінде компанияның шетелдерде тәжірибеден өтіп жатқан мамандар саны қаншалықты? 
— Қазіргі кезде компания тарапынан 17 маман шетелдерде тәжірибеден өтіп жатыр. 2015 жылға дейін осындай мамандардың санын 200-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, теңіз мұнай компанияларында еңбек ететіндердің арасында қазақстандық мамандарды оқытуға ерекше басымдық беріледі. Осыған байланысты инвесторлар тарапынан белгілі мөлшерде қаржы да қарастырылады. Сондай-ақ компания еліміздегі техникалық универсиеттермен, оның ішінде Алматыдағы, Ақтаудағы және Атыраудағы техникалық университеттермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазіргі кезде компанияда жұмыс істеп жүрген мамандардың басым көпшілігі жоғарыда аталған оқу орындарының түлектері. Ал шетелдерде тәжірибеден өту мерзімінің ұзақтығы — 1-4 жыл аралығында. Тәжірибе курсын ойдағыдай аяқтаған соң, оларға мамандықтары бойынша жұмыс ұсынылады.

— Теңізде барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізу аса дәлдікті, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жалпы, жұмысты ойдағыдай жүзеге асыруда кейбір проблемалар да болуы мүмкін ғой. 
— Проблема жоқ десем, артық айтқандық болар. Біздегі ең басты проблема — бұрғылау станоктарының жетіспейтіндігі. Бұл барлау-бұрғылау жұмыстарымен айналысатын көптеген компанияларға қатысты. Қазіргі уақытта бұрғылау жұмыстары Ресей компаниясының «Астра» бұрғылау құрылғысының станогымен жүргізіліп жатыр. Барлау-бұрғылау жұмыстарын барынша жүргізіп, қатысатын жобаларды толықтай жүзеге асыруға бір ғана бұрғылау қондырғысы жеткіліксіз. Осыған байланысты жаңа бұрғылау қондырғысын орнату қолға алынады. Оны іске қосуға екі жылдай уақыт кетеді. Сонымен қатар, 2010-2011 жылға қарай компания тағы бір бұрғылау қондырғысын іске қосуды мақсат етіп отыр.

— Ермек Нәсіпқалиұлы, теңіз қайраңын игеру қоршаған ортаға, оның ішінде су астында мекендейтін жануарлар мен жәндіктерге кері әсер етуі мүмкін. Бұл мәселеде компания қандай шараларды қолға алады?
— «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының экологиялық саясаты айқын. Мұнай операциялары кезінде қоршаған ортаға, жануарлар әлеміне және компанияның нысандары орналасқан аумақтарда тұратын тұрғындардың өмір сүруіне кері әсерін тигізбеу жағын ойластыруды көздейді. Нақ осы мәселелер бойынша менеджмент түзіп, табиғатты қорғаудың іс-шаралары мен қазіргі заманғы технологияны қолданысқа кеңінен енгізу арқылы экологиялық қауіп-қатерді барынша төмендетуге бағыттайды. Компания Каспий теңізінің учаскелерінде жұмыс жүргізуді бастамас бұрын, мемлекеттік бақылаушы, қадағалаушы органдардан барлық қажетті рұқсаттар мен келісулерді алды. Өйткені, мұнай операциялары экологиялық мониторингпен сүйемелденеді. Оның қорытынды нәтижелері экологиялық нормативтер мен стандарттар бойынша расталады.

— Компания әлеуметтік жобаларға да қатыса ма? 
— Әрине, бұл жөнінде компанияның алған міндеттемелері бар. Негізінен олар Атырау және Маңғыстау облыстарындағы әлеуметтік нысандар болып табылады. Өйткені, компанияның офисі Ақтауда орналасқан. Біздің компания мен Түпқараған, Аташ, Құрманғазы және Жемчужина жобаларына қатысушы әріптестеріміз биылғы жылы жалпы көлемі 1,4 миллион долларды құрайтын қаржыны әлеуметтік жобаларға бөлді. Соның нәтижесінде Маңғыстау облысының Құрық поселкесінде 120 төсектік балабақша салынды. Жақын күндері ол пайдалануға беріледі.

— Бөлінген қаржыны игеру жайы қалай?
— Бүгінге дейін жоғарыда аталған жобаларға жалпы көлемі 9,5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Келесі жылы жұмсалатын қаржы мөлшері өсе түседі. Ал жаңа жылда Аташ құрылымында және Жемчужина жобасының Әуезов құрылымында барлау-іздестіру скважиналары орнатылады. Компанияның алдында басқа да жобаларға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізу күтіліп отыр.

— Әңгімеңізге рахмет.

 

 

 

Әлисұлтан Құланбай

Құжаттама пакетін алу

Тіркелген тұлға ақпараттың растығына жауап береді.
Атыңыз Тегіңіз немесе мекеме атауы:

Жабдықтаушының толық мекен-жайы

Мемлекет:Қала:
Көше:Үй:
Телефон:E-mail:
Барлық өрістер толтырылуы тиіс
Жою