Жылды табысты қорытындылаған «ҚазМұнайТеңіз» АҚ орнықты дамуға қадамдар жасауда

27 желтоқсан 2007

Жылды табысты қорытындылаған «ҚазМұнайТеңіз» АҚ орнықты дамуға қадамдар жасауда
Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру жұмыстарын жандандыру бағдарламасы аясында құрылған әрі мұнай-газ ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ете отырып, теңіз жобаларындағы байлықты ұтымды игеру жөніндегі мердігер компания болып табылатын «ҚазМұнайТеңіз» АҚ биылғы жылды толайым табыстармен аяқтап отыр. Алдағы 2008 жылы құрылғанына бес жыл толатын «ҚазМұнайТеңіз» теңіз-мұнай компаниясының«басты мақсаты Каспий және Арал теңіздерінің Қазақстанға қатысты бөлігіндегі көмірсутегін өндіріп, бұндағы қорды молайту. Сонымен бірге, компания мұнай саласындағы, нақтырақ айтқанда Каспий теңізінің солтүстік қайраңын игерудегі іздеу-барлау жұмыстары бойынша түсетін ауыртпалықты құрғақта және теңізде болатын жобалар арасында айыра түсу үшін құрылған болатын.

2003 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген бағдарлама аясында ұйымдастырылған «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының алдағы уақытта да көтерер жүгі, атқарар жұмысы ауқымды. Әсіресе, теңіз жобаларын іске асыру үшін ресурстық базаны кеңейту жоспарланып отыр. Бұл үшін ең алдымен теңіздегі іздеу-барлау, жобалау жұмыстарын жандандырып, теңіз жағдайындағы кен орындарын барлауды тиісті деңгейде жүргізудің маңызы зор. «Жалпы, ел тарихында алғаш рет қолға алынып отырған бұндай жобалардан аларымыз көп. Осы арқылы шет мемлекеттерден әлеуетті әріптестерді тартып, жаңа технологиялар енгізуге де жол ашуға болады. Ал, мұндай операциялардың шығынды болатынына қарамастан тиімділігін алдымен сезінуге тиіспіз. Бұл ретте, Каспий теңізінің экологиялық ахуалын да назарда ұстаған абзал», дейді «ҚазМұнайТеңіз» АҚ Бас директоры Ермек Марабаев.

Компания бүгінгі күні нақты бес жоба бойынша жұмыс атқарып келеді. Оның үшеуі ресейлік компаниялармен бірлесе отырып жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Түпқараған» мен «Аташ» жобалары «Лукойл», ал тағы бір «Құрманғазы» жобасы «Ростнефть» компаниясымен біріге игерілуде. Сонымен бірге, биылғы жылы қолға алынып отырған «Жемчужина» жобасы да пайдаға батырудан дәмелендіретіндігі рас. «Шел»,«Оманойл» және «ҚазМұнайТеңіз» секілді бірлескен компаниялардың әріптестік негізінде жұмыстары ілгері баса түскен бұл жоба бойынша негізгі жұмыстар аяқталып, тиісті материалдар зертханаға жіберілген. Сондай-ақ тағы бір маңызды нысан болып табылатын «Жамбай» жобасына қатысты қондырғылар мен ұңғыма бұрғыларын жасауға келісім шарттар жасалып отыр.

Компания басшысы Е. Марабаевтың айтуынша, аталған «Жамбай» жобасынан келер жылы көп пайда түспек. Теңіздегі барлау, жобалау жұмыстарымен айналасытан компанияның бүгінгі күнгі басты міндеті өзіндік материалдық-техникалық базаны қалыптастыру болып табылады. Осы бағытта ұңғыма бұрғылармен жұмыс кезеңінде алынатын геологиялық материалдарды өңдеп, пайдаға жарату басты міндет саналады. Сонымен бірге, «ҚазМұнайТеңіз» өз ішінде «теріс» шешімдерді қабылдаудағы тәуекелшілдікті төмендету мақсатында әрі адами фактордың әсерін төмендету тұрғысында шет елдердің алдыңғы қатарлы компаниялары пайдаланып келген барлау жұмысындағы менеджмент жүйесіне бейімдеу шараларын енгізу қарастырып жатыр. Бүгінгі күні мұнай-газ саласындағы басты проблемалардың бірі мамандар тапшылығы екендігі айқын. Алдағы уақыттарға жоспарланған ауқымды жобаларды жалғастыру жұмысында әсіресе білікті мамандарға, оның ішінде отандық еңбеккерлерге ауыр салмақ түсетіні тағы белгілі. Қазақстандағы білікті мұнайшы қызметкерлердің басым бөлігі әсіресе, алпысыншы жылдары тікелей осы салаға етене араласып келген болса, соңғы он жылдың шамасында мұнай-газ саласының мамандарын даярлаудағы сабақтастық жібі үзілудің аз-ақ алдында қалған. Статистикалық мәліметтер де осыны айғақтайды. Яғни, бүгінгі күнгі маңызды мәселенің бірі, әсіресе заман талабына сай сұранысы да артып отыратын мұнай саласындағы білікті мамандар тапшылығы проблемасын шешу. Ал, мұндай проблемалардың уақытында шешілмеуі салдарынан саладағы жұмысты жадандыруда көптеген қиындықтар туындауы әбден мүмкін.

«Мәселе түбегейлі шешімін тапты деуге ертерек. Дегенмен де, „ҚазМұнайТеңіз“ компаниясы кадр даярлау мәселесінде кешенді қадамдар жасап, бұл бағытта түрлі жолдарды ұйымдастырып отыр. Ең алдымен „ҚазМұнайТеңіз“ АҚ бұл салада жұмыс істеуге ниеттілерге әрқашан ашық. Компания мен акционерлер тарапынан мақұлданған 2006-2010 жылдарға арналған Теңіз-мұнай операциялары үшін қазақстандық кадрларды дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылданып, бұл бағытта шаралар атқарылып жатыр. Осыған сәйкес, теңіздегі мұнай барлау жұмыстары бойынша жалпы білім беру мен біліктілікті көтеру жұмыстары жанданып келеді», дейді Е. Марабаев. Оның айтуынша, бүгінгі күні 17 қазақстандық азамат шет елдерде мұнай-газ саласындағы тәжірибеде шыңдалып жатса, 2015 жылға дейін шет елдерде 200-ге тарта отандық азаматтар біліктілігін арттыратын болады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қазіргі күні теңіздегі мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру барысында шетелдік мамандарды қазақстандық мамандармен жоспарлы түрде алмастырып отыру мәселесі де өзекті болып отырғаны белгілі. Осы тұрғыда келесі жылы мұнай саласындағы іздеу-барлау жұмыстары бойынша жастарды оқыту үшін «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы тарапынан 675 мың доллар қаражат бөлу көзделіп отыр. Бұнымен қоса шет елдерде қызметкерлердің біліктілігін арттыруға 1 млн. 680 мың доллар қаржы бағытталады.

Жалпы алғанда барлық жобаларға қатысушы шет ел инвесторлары қазақстандық мамандарды оқытуға міндеттеледі. Бүгінгі күні бұл мақсаттағы шығындар да шамамен жылына 2 млн. долларды құрап отыр.
«ҚазМұнайТеңіз» АҚ ішкі өндірістік қызметті жандандыру үшін менеджменттік сапа жүйесін енгізуді де қолға алды. Осыған орай, компанияда ISO 9001, ISO 14001 және OHSAS 18001 талаптарына сәйкес сапаны, қоршаған орта мен еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті басқару жүйесі енгізілген. Жақында техникалық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауға байланысты аудит өткізіліп, ол бойынша сертификатты иеленуге деген үміт те басым.
Солтүстік Каспий қайраңын игеруді жеделдетудегі негізгі проблемалар бұрғылау станоктарының жетіспеушілігі болып келгені айқын. Осы уақытқа дейін, бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатқан жобалардың барлығында негізінен ресейден шығатын «Астра» бұрғысы пайдаланылады. Әрине, заман талабына сай қарқынды дамуды қажет ететін салада, яғни барлау-бұрғылау жұмысы бойынша бір ғана станоктардың жеткіліксіз болатындығы айқын. Осыған орай, «ҚазМұнайТеңіз» инвестициялар құру арқылы өздігінен көтерілгіш бұрғыларды шығару құрылысы да жобаланып жатыр. Бұндай құрылыс жобасын жүзеге асыру екі жылға жалғасатын болады. Ал әзірше бұл бағытта стратегиялық әріптестер тартылып, алдағы жылдары жаңа бұрғылау станоктарын іске қосу да болжанып отыр.

«ҚазМұнайТеңіз» компаниясы мемлекет пен халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерден де қалыс қалып отырған жоқ. Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде компанияның толыққанды демеп, қолдауымен Маңғыстау облысы Құрық ауылында жалпы шығыны 1 млн. 400 мың долларды құрайтын жүз жиырма орындық бала бақша құрылысы аяқталды. Жақын күндері ол ресми түрде ашылмақ.

 

 

Қ. Қазы

Құжаттама пакетін алу

Тіркелген тұлға ақпараттың растығына жауап береді.
Атыңыз Тегіңіз немесе мекеме атауы:

Жабдықтаушының толық мекен-жайы

Мемлекет:Қала:
Көше:Үй:
Телефон:E-mail:
Барлық өрістер толтырылуы тиіс
Жою