Мұнайшы мамандар Миланға аттанды

30 қазан 2006

«ҚазМұнайТеңіз» теңіз компаниясы АҚ бір топ қызметкерін екі жылға тәжірибе жинақтау мақсатында Миланға аттандырды. Каспий қайраңындағы барлау-өндіру жұмыстарын игеру үшін жас мамандар Италиядағы «ENI» компаниясының оқу орталығынан тәжірибеден өтпек.  

Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мамандарын үнемі шетелге тәжірибе алмасуға жіберіп отырса, енді «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы да алғашқы қарлығаштарын аттандыруға әзір. Алғашында Миланға баруға техникалық жоғары оқу орындарын үздік бітіріп, беделді компанияларда жұмыс істеп жүрген 1000-ға тарта талапкер ниет білдіріпті. Бірақ «ҚазМұнайТеңіздің» сынағынан өтіп, «жүзден жүйрік шыққан», ағылшын тілін жетік меңгерген соның бесеуі – Самат Бұқанов, Ақылбек Кудранов, Талғат Мыңсейітов, Данияр Шансызбаев, Талғат Есниязов. «Біздің компания алғаш рет алыс жолға шыққалы отырған жас мамандарға үлкен сенім артып отыр. Олардың Миланнан меңгеріп келген білімдерін ел игілігіне толықтай жұмсаса деген тілек бар. Ал ұсынысымызды қабыл алып, мамандарымызды құшақ жая қабылдаған «ENI» компаниясына алғысымыз шексіз, - дейді «ҚазМұнайТеңіз» компаниясының бас директоры Кенжебек Ибрашев.

Қазақстан мұнай саласын толық игеруге талпыныс жасап жатыр. Бұл тұста кей мамандықтар бойынша кадр тапшылығы байқалады. Мұны елімізде бел шешіп, белсене жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардан-ақ аңғаруға болады. Компания шетелдікі болған соң, мамандар да – сол елден. Лек-легімен сырттан келіп жатқан мұндай мамандардың санын азайту үшін қазақстандық кадрлардың бәсекелесе алатын деңгейде болуы шарт. Бұл бағытта мемлекет те қарап жатпай, қам жасап, мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін қазақстандық кадрларды даярлаудың 2006-2010 жылдарға арналған арнайы бағдарламасын да жасап үлгерді. Қазір «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы осы бағдарлама аясында Каспий қайраңындағы «қара алтынды» игеру үшін білікті кадрларды дайындауға кірісті. «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлерді басқару департаментінің директоры Раушан Райсханованың айтуынша, бір жыл ішінде осы салада 250-300-ге жуық мамандар даярланбақ. Жоспар бойынша мұнайшы мамандардың қатары көбейтілетін болады. Халықаралық компанияларда тәжірибеден өтіп, білімін молайтқан осы кәсіби мамандар мемлекеттік маңызы бар үлкен жобаларды жүзеге асыруға үлес қоспақ.   

Қазір «ҚазМұнайТеңіз» АҚ халықаралық беделді «KBR», «Total», «ExonMobill», «ENI», «Conoco Phillips» секілді компаниялармен келіссөздер жүргізуде. Жас кадрлардың білімін молайту үшін келесі жылы «Shell»  компаниясына – 6 маман, «KBR» компаниясына – 4 маман, «Conoco Phillips» компаниясына 2 маманды жіберу жоспарланған. Сондай-ақ, алдағы уақытта екі жыл және төрт жыл аралығында шетелде оқитын тағы 200 маманды аттандыруға әзірлік жасалуда.        

Каспийдің Қазақстандық секторындағы Қарашығанақ, Қашаған кен орындарындағы мұнай көздерін игеріп жатқан белгілі компаниялардың бірі – «ENI». «Әлі толық игерілмеген Қашағанда мұнайдың үлкен қоры бар екені сөзсіз. Ал Қарашығанақтағы қорды игерген кезде күніне 600 мың барелль мұнай алуға болады», – дейді компанияның Астанадағы өкілдігінің басшысы Филиппо Капрусо.  Қазірдің өзінде компания бұл мұнай қорына 5 миллиард доллар жұмсаған. Алдағы уақытта тағы 9 миллиард доллар құймақшы.  «Біз қазақстандық компаниялармен әрқашан достық қарым-қатынастамыз. Каспий теңізінің мұнай орындарына білікті, білімді жас мамандардың керек екенін уақыт көрсетіп отыр. Ол үшін халықаралық тәжірибеден өткен жергілікті кадрларды көбейту қажет», - дейді Ф. Капруссо ағынан жарылып.

Құжаттама пакетін алу

Тіркелген тұлға ақпараттың растығына жауап береді.
Атыңыз Тегіңіз немесе мекеме атауы:

Жабдықтаушының толық мекен-жайы

Мемлекет:Қала:
Көше:Үй:
Телефон:E-mail:
Барлық өрістер толтырылуы тиіс
Жою